Абай облысында полицейлер балаларды қонақ етті
Абай облысында полицейлер балаларға ерекше сый жасап, атты кавалерия бөлімшесінің жұмысымен таныстырды, әрі атқа мінгізіп серуендетті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Полиция департаменті ұйымдастырған бұл танымдық шарада кішкентай қонақтар үшін қызықты әрі пайдалы бағдарлама әзірленді. Балалар полицияның атты бөлімшесіне экскурсия жасап, ат үстінде қоғамдық тәртіпті күзететін тәртіп сақшыларының қызметімен жақыннан танысты.
Іс-шара барысында полицейлер атты полицияның қоғамдағы орны мен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі рөлі туралы кеңінен әңгімелеп берді. Сондай-ақ балаларға жылқыларға күтім жасау, оларды баптап үйрету және қызметтік дайындық жүргізудің қыр-сыры көрсетілді.
Шараның ең әсерлі сәті – балалардың өз қолдарымен атты полицияның қызметтік аттарына мініп көруі болды. Полицейлердің бақылауымен олар алаңда шағын серуен жасап, өздерін нағыз атты тәртіп сақшысы ретінде сезінді.