Келес полицейлері 10 арматура ұрлаған күдіктіні анықтады
Келес полицейлері 10 арматура ұрлаған күдіктіні анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Келес аудандық полиция бөліміне құрылыспен айналысатын ЖШС-дан қатынас хат келіп түсті. Онда мекеме қызметкерлері жаңа ғимарат аумағында жиналып тұрған 10 темір арматураны белгісіз біреу жымқырып кеткенін жеткізді. Келтірілген шығын көлемі 100 мың теңгеге жуық.
Полиция қызметкерлері аталған жайтты ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша тіркеді.
Хабар алысымен тәртіп сақшылары жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізді. Келіп түскен ақпарат көздері арқылы күдіктінің жеке басын анықтады. Ол бұрын сотты болған жұмыссыз, жергілікті тұрғын болып шықты.
Белгілі болғандай, күдікті ер адам қараусыз тұрған құрылыс алаңына барып, арам ойын іске асырған. Осылайша оңай жолмен келген бөтеннің мүлкін сатып, ақша табуды көздеген. Алайда полицейлердің қырағылығы арқасында ұсталып, темірді сатып үлгере алмай қалған. Қазіргі таңда ұрланған арматуралар тәркіленіп алынып, заңды иесіне қайтарылды. Бүгінде аталған жайт бойынша күдіктіге қатысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.