Келес полицейлері алаяқтық қылмысының 6 жайтына қатысы бар әйелді анықтады
Келес полицейлері алаяқтық қылмысының 6 жайтына қатысы бар әйелді анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Келес полициясына жергілікті тұрғын арызданды. Жәбірленуші әйелдің айтуынша, оны жақын таныс емес азаматша алдап кеткен. Яғни, алаяқ кәсіпкерлік үшін мемлекет тарапынан қайтарымсыз 1,2 млн теңге алып беремін деп сендірген. Осы қызметі үшін жәбірленушіден 300 мың теңге ақша алған. Алайда арада 3 ай уақыт өтсе де, сенген адамы не жәрдемақы алып бермеген, не алған ақшасын қайтармаған.
Аталған жайт ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркелді.
Тұрғынды алдап, ақшасын қалтасына басқан күдіктіні ұстау үшін тәжірибелі тәртіп сақшыларынан жедел-тергеу тобы құрылды. Нәтижесінде жұмыссыз жүрген күдікті әйел тұрғылықты мекенжайынан анықталды.
Белгілі болғандай, сезікті оңай жолмен ақша табу мақсатында мемлекеттен қайтарымсыз несие әперемін деп бірнеше тұрғынды алдаған. Сезіктінің жалпы 6 жайт алаяқтық қылмысына қатысы бары анықталды.
Жәбірленушілерге келтірілген шығын көлемі 1,5 миллион теңгеге жуық. Ол қаражатты өзінің қажеттілігі үшін жұмсап жіберген. Қазіргі таңда күдікті бойжеткенге қатысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.