Келесте ер адам егістік алқаптан қара малды ұрлап кеткен
Түркістан облысында ер адам егістік алқаптан қара малды ұрлап кеткен, – деп хабарлайды Polisia.kz
Келес аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Ер адамның айтуынша, оның жайылым жерде жүрген бұқасын белгісіз біреу жасырын жымқырып кеткен. Жәбірленушіге келген шығын көлемі – 120 мың теңге.
Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 188-1-бабы (Мал ұрлығы) бойынша тіркеуге алды.
Хабарлама келіп түскен бойда тәртіп сақшылары бірден іске кірісті. Полицейлер мал ұрлығы қылмысын ашу үшін қажетті жұмыстардың барлығын жүзеге асырды. Олардың жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде қылмысқа қатысы бар күдікті анықталды. Ол жергілікті тұрғын болып шықты.
Белгілі болғандай, ер адам қаржы қажеттілігіне байланысты осындай әрекетке барған. Ол егістік алқаптары көршілес орналасқан жәбірленушінің бұқасын арбаға байлап алып кеткен. Ірі қара малды сатып, ақшасын жаратып жіберген. Қазіргі таңда күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.