Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Келестік полицейлер кәнігі қалта ұрысын ұстады

Келестік полицейлер кәнігі қалта ұрысын ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Келес АПБ-не жергілікті тұрғын арызданады. Жәбірленуші әйелдің айтуынша, ол күндізгі сағат 14:30 шамасында азық-түлік дүкеніне барып, ішінде 50 мың теңге ақшасы бар әмиянын жоғалтып алған. Аталған жайт аудандық полиция бөліміне ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша тіркелді.

Орын алған ұрлық қылмысын ашып, күдіктіні ұстау мақсатында аудандық полицейлерден жедел-тергеу тобы құрылды. Тәртіп сақшылары көрген-білгендерден жауап алып, бейнебақылау камераларын тексерді. Нәтижесінде күдіктінің ұрлық жасаған сәтіндегі бейнежазба анықталып, базар аумағына бекітілген учаскелік полиция инспекторларына бағыт берілді. Жан-жақты тексеру жұмыстарының арқасында 3-4 сағат ішінде күдікті әйел басқа бір дүкеннен ұсталды. Ол жергілікті тұрғын, бұрын бірнеше рет сотты болған әйел болып шықты.

Тергеу барысында анықталғандай, жәбірленуші әйел дүкеннен керегін алып, шығып бара жатқанында ұры білдіртпестен әмиянды қалтасынан алып, жанынан өте шыққан. Күдіктінің бас шарасы «міндеттемеде». Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Өз кезегінде тұрғын ойда-жоқта әмиянынан айырылып, оны қырағылықтарының арқасында қайта тауып берген полицейлерге шынайы ризашылығын жеткізді.

Түркістан облысының полицейлері ескертеді, әмияныңызға, бағалы заттарыңызға, ұялы телефоныңызға барынша сақ болыңыз. Заттарыңызды көзге көрінетіндей жерде, ашық қалталарда сақтамаңыз. Егер, сіз де, ұрлық қылмысының құрбаны не куәгері болсаңыз, тез арада полицияның «102» нөміріне хабарласыңыздар.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру