Кентауда бірнеше пәтер ұрлығына қатысы бар күдікті ұсталды
Кентауда бірнеше пәтер ұрлығына қатысы бар күдікті ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Кентау ҚПБ-ға тұрғындардың бірі пәтер ұрлығы туралы арызданды. Оның айтуынша, күндізгі уақытта белгісіз адамдар үйіне терезеден кіріп, ақша мен алтын бұйымдарын ұрлап кеткен.
Жәбірленушіге келтірілген шығынның жалпы көлемі 500 мың теңгеден асады. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 188-бабының 3-бөлігі (Ұрлық) бойынша тіркелді. Ұрлықты ашу мақсатында тәжірибелі полиция қызметкерлерінен жедел-тергеу тобы құрылды.
Жедел уәкілдер қажетті іс-шаралар кешенін жүргізіп, жақын маңдағы аумақтарды аралап, куәлардан сұрастырды, сондай-ақ бейнебақылау камераларын тексерді. Бір аптадан кейін жедел-іздестіру іс-шарасы нәтижесінде, Кентау ҚПБ-ның қызметкерлері күдікті ретінде жергілікті тұрғынды ұстады. Ол бұрын сотты болған азамат болып шықты.
Қазіргі уақытта аталған қылмыстық істер бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде Анықталғандай күдікті осындай төрт пәтер ұрлығын жасап, жәбірленушілерге бірнеше млн теңге көлемінде шығын келтірген.
Белгілі болғандай, үй ұрысы жәбірленушінің үйінде ешкім жоқ екеніне көз жеткізіп, содан кейін терезелер мен ашық есік арқылы тұрғын үйлерге кірген. Бағалы заттарды, алтын бұйымдар мен ақшаны ұрлап кеткен. Орта жастағы жігіт ұрланған мүлікті сатып, ақшаны өз қажеттілігіне жұмсаған.
Күдікті қамауға алынды. Полиция қызметкерлері ұсталған ер адамның облыс аумағында осындай басқа да қылмыстарға қатыстылығын анықтауда.