Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Кентауда көлігінде ұйықтап жатқан тұрғынның ұялы телефонын ұрлаған күдікті ұсталды

Түркістан облысында көлігінде ұйықтап жатқан тұрғынның ұялы телефонын ұрлаған күдікті ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Кентау ҚПБ жергілікті тұрғын арызданды. Ер адамның айтуынша, ол таңғы уақытта көпқабатты тұрғын үйдің ауласында көлігінің есік-терезесін ашып, ұйықтап жатқанында белгісіз біреу жанында тұрған Samsung маркалы ұялы телефонын жымқырып кеткен. Жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі 200 000 теңгені құрады. Аталған іс бірден полиция бөліміне ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша тіркеуге алынды.

Кентаулық тәртіп сақшыларынан құрылған жедел-тергеу тобы бірден оқиға орнына жетіп, іздестіру шараларын жүргізді. Төрт бірдей көпқабатты тұрғын үй орналасқан ауладағы барлық тұрғындардан, көрген-білгендерден жауап алды. Осы аймақта бейнебақылау камераларының болмауы полицейлердің жұмысын біраз қиындатты. Дегенмен шұғыл-іздестіру іс-шарасы оң нәтиже берді. Полицейлер күдіктінің жекебасын анықтап, оны Кентау ҚПБ-ның тергеу бөліміне жеткізді.

Күдікті жергілікті тұрғын болып шықты. Бас шарасы міндеттемеде.

Белгілі болғандай, оңай жолмен ақша таппақ болған күдікті жәбірленушіге білдіртпестен көліктегі ұялы телефонды алып, оқиға орнынан бой тасалаған. Содан ұрланған ұялы телефонды өзімдікі деп, көршісіне 3000 теңгеге сатып жіберген. Қазіргі таңда ұялы телефон айғақты зат ретінде алынып, заңды иесіне қайтарылды. Полицейлер оқиғаның толық мән-жайын анықтап, тергеу амалдарын жүргізуде.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру