Кентауда жыл басынан бері көлік жолдарында 53 кемшілік анықталды
Кентауда жыл басынан бері көлік жолдарында 53 кемшілік анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жол белгілері – көлік қозғалысын реттеп, көлік жүргізуші мен жаяу жүргіншіге жағдай жасайды. Ал Түркістан облысының тәртіп сақшылары жол-көлік оқиғаларының алдын алу, көшелер мен жолдарда қауіпсіз жүріп-тұру, апатты жайттардың алдын алу мақсатында жүйелі жұмыс жасауда. Сонымен қатар, қажетті жол белгілерін жаңартып, жергілікті әкімдікке ұсыныстар беріп отырады.
Мәселен, Кентау қаласының полицейлері жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында осы жылдың үш айында автокөлік жолдарында 53 кемшілік анықтаған. Сондай-ақ, тиісті мекемеге 55 ұсыныс-хат жолданған.
Жыл басынан бері кемшіліктерге жол берген және берілген тапсырмаларды дұрыс орындамаған бір мекемеге ҚР ӘҚБтК-нің 462-бабымен 3-бөлігімен (Мемлекеттік инспекциялар мен мемлекеттік бақылау және қадағалау органдарының лауазымды адамдарына өздерінің қызметтік міндеттерін орындауына кедергі келтіру, қаулыларды, нұсқамаларды және өзге де талаптарды орындамау) әкімшілік шара көрілген.
Және ҚР ӘҚБтК-нің 631-бабы 1-бөлігімен (Жолдарда жұмыстар жүргізу, жолдарды, темiржол өтпелерiн және басқа да жол құрылысжайларын күтiп-ұстау жөніндегі талаптарды орындамау) үш жеке тұлғаға әкімшілік айыппұл салынған.
Сондай-ақ, қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 34,6 шақырымға, яғни қаланың 19 көшесіне жол таңбалау, 222 жерге жаяу жүргіншілерге арналған жол таңбаларын жаңарту жұмысы жүргізілуде. Жоғарыда жасалып жатқан жұмыстардың барлығы жол қозғалысы ережесін сақтауға тікелей ықпал етпек. Мұндай жұмыстар полицейлер тарапынан әрі қарай да өз жалғасын таба бермек.