Кентаулық алаяқ малдарды айдап кетті
Кентау қаласының полицейлері ірі көлемде алаяқтық жасаған күдіктіні құрықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Кентау қалалық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданып, оны танысы алдағанын, яғни алаяқтық жолмен үй малдарын алып кетіп, жоқ болғанын көрсеткен.
Жәбірленушінің айтуынша, 2017 жылы алаяқ танысы, оған сиырлары мен бұқаларыңды сатуға көмектесемін деп уәде беріп, 160 бастан астам ірі қара малдарын алып, қашып кеткен. Содан бері күдікті ер адам Кентау қаласының тұрғынына ақшасын да, малын да қайтармаған. Жәбірленушіге келтірілген шығынның жалпы көлемі 45 миллион теңгеден асты.
Күдіктіні анықтау мақсатында, Кентау қалалық ПБ-нің қызметкерлері қажетті іздестіру шараларының кешенін жасады. Сол бойынша тиісті жұмыстарды атқарды. Осындай жедел-іздестіру іс-шарасы барысында тәртіп сақшылары күдіктіні ұстады. Ол жергілікті тұрғын болып шықты. Өз кінәсін толық мойындады. Анықталғандай, ер адам жәбірленушінің сеніміне кіріп, алаяқтық жасап, оның малын алып кетіп сатқан, ал ақшаны өз қажеттілігіне жұмсаған.
Аталған жайт ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы (алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Ер адам қамауға алынды.
Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға қырағы болуға және бейтаныс адамдарға артық сенімсіздік көрсетпеуге кеңес береді. Сондай-ақ, күмәнді қызметтерді ұсынатын түрлі алаяқтарға өз мүлкін сеніп тапсырудың қажеті жоқ екенін ескертеді. Егер сіз осындай қылмыстардың
құрбаны немесе куәгері болсаңыз, тез арада «102» телефоны арқылы полицияға
хабарласыңыз.