Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Кентаулық полицейлер түйе ұрлығына қатысты күдіктіні ұстады

Кентау қаласының полиция қызметкерлері түйе ұрлығына қатысты күдіктіні ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Кентау қаласының Полиция бөліміне қала жанындағы ауылдардың бірінен жергілікті тұрғын
арызданып, мал ұрлығы орын алғандығын жеткізді. Жәбірленушінің айтуынша, ағымдағы жылдың сәуір айында белгісіз адамдар оның алты түйесін (тайлақ) жайылымнан ұрлап кеткен.

Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК 188-1 бабы «Мал ұрлығы»  бойынша тіркеп, жедел-іздестіру іс-шараларына кірісті. Жәбірленушіге келтірілген шығынның жалпы көлемі екі миллионға жуық теңгені құрады.

Кентау қаласының полициясында тәжірибелі қызметкерлер қатарынан жедел тергеу тобы
құрылды. Тәртіп сақшылары жақын маңдағы барлық аумақтар мен жайылымдарды аралап,
куәгерлерден жауап алды, сондай-ақ, мал таситын автокөліктерді және үй малын сататын орындарды тексерді.

Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде полиция қызметкерлері мал ұрлығының ізіне
шығып, күдіктіні ұстады. Ол бұрын сотталған Түркістан қаласының тұрғыны болып шықты.
Полиция қызметкерлері ұрланған малдың бір бөлігін тәркілеп, заңды иесіне қайтарды.

Тергеу барысында анықталғандай, күдікті жайылымдарда адамдардың жоқтығын пайдаланып, иесіз малды ұрлап кеткен. Содан кейін ұрланған түйелерді сатып, ақшасын өз қажеттілігіне жұмсаған. Қазіргі уақытта «Мал ұрлығы»  бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Тергеу барысында оқиғаның барлық мән-жайы және күдіктінің басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығы анықталуда.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру