Кентаулыққа сенген шымкенттік тұрғын 350 мың теңгесінен айырылды
Түркістан облысының полицейлері Шымкент қаласының тұрғынын алдаған, бұрын сотты болған күдіктіні ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Кентау ҚПБ-ға Шымкент қаласының жергілікті тұрғыны арызданып келеді. Ол арызында Кентау қаласының тұрғынымын деп таныстырған өзіне бұрын соңды таныс емес азаматтың хабарласып, малға қажетті жоңышқа шөбін сатамын деп айтып, алаяқтық жолмен 350 мың теңгесін есепшотына аудартып алғанын айтады. Алайда азамат уәде еткен шөпті бермей, алдап кеткен.
Аталған жайтты полицейлер ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркеді. Полиция қызметкерлері күдіктінің Кентау қаласына қарасты ауылдардың бірінің тұрғыны екенін анықтады. Оны тұрғылықты мекен-жайынан ұстап, полиция бөліміне жеткізді.
Белгілі болғандай күдікті жоңышқа шөбі егілген алқапты Шымкент қаласының тұрғынына көрсетіп, ондағы престелген шөпті сатуға келіседі. Осыдан соң жәбірленуші алаяқтың сөзіне сеніп, оның kaspi есепшотына сұраған 350 мың теңгесін аударған. Күдікті жәбірленушіге шөпті арнайы көлікпен жеткізіп беремін деп, алдап, зым-зия жоғалған. Бүгінде ұсталған ер азамат – қолхатта.
Осы қылмыстық іс бойынша Кентау ҚПБ анықтаушысы Ж.Тілегенов құжаттарды жинақтап, қалалық сотқа жолдады. Ендігі уақытта істің соңғы нүктесін сот өзінің заң аясындағы шешімін шығару арқылы қоятын болады.
Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға кез келген адамға артық сенім білдірмеуді, алаяқтың арбауына түсіп қалмауды ескертеді. Сондай-ақ азаматтарға қырағы болуды ұсынады. Егер, сіз, алаяқтықтың құрбаны немесе куәгері болсаңыз, тез арада полицияға, «102» телефоны арқылы хабарласыңыз