Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Кербұлақ ауданында күдікті азамат көршісінің бұзауын ұрлап, сатып жіберген

Алматы облысының Кербұлақ ауданында көршісінің бұзауын ұрлап, сатып жіберген күдікті ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қорасындағы бұзауынан айырылып қалған Кербұлақ ауданы Беріктас ауылының тұрғыны полицияға арыз берген. Қыркүйек айының соңында оның малын ұрлағандар оған 130 мың теңге материалдық шығын келтірген.

Қылмысты ашуға бағытталған ауқымды шаралар барысында күдікке ілінген зардап шегушінің көршісі 23 жастағы ауыл тұрғыны ұсталып, жауап алу барысында оның қылмысы әшкере болды.

– Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 188-1-бабымен (Мал ұрлау) сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Қылмысқа қатысы бар деген күдікпен 1997 жылы туған ауыл тұрғыны ұсталды. Бұлтартпас айғақтардан кейін ол қылмыс жасағанын мойындады. Оның өзге де қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде. Басқа ақпарат тергеу құпиялығына байланысты таратылмайды, – деді Кербұлақ ауданы полиция бөлімінің бастығы Ербол Ахметқалиев.

Алдын ала тергеу барысында күдіктінің өзінің досына хабарласып, өзіне тиесілі малын Талдықорған қаласына жеткізуге қол ұшын беру туралы өтініш жасағаны анықталды. Жеңіл көлікпен келген екі жігіт малдың өзгеден ұрланғанынан бейхабар болған. Облыс орталығына әкелген соң күдіктінің бұзауды басқа танысына арзан бағаға соғым ретінде сатып жібергені белгілі болды.

– Ауданда мал ұрлығына қатысты қылмыстарды ашу мәселесі қатаң бақылауға алынған. Жыл басынан бері тіркелген екі қылмыс та ашылып, қолды болған малдар иелеріне қайтарылды. Мал иелерін қауіпсіздік шараларын күшейтуге, малдарын қараусыз жібермеуге шақырамын. Сонымен қатар, елдімекенде қараусыз жүрген мал иесіне әкімшілік айыппұл салынатынын ескертемін, – деді Кербұлақ ауданының бас полицейі Ербол Ахметқалиев.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру