Кезекті көкпар ұйымдастырушылар Түлкібаста анықталды
Түлкібаста карантин кезінде көкпар ұйымдастырушы анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бүгінде арнайы құрылған мобильдік топпен бірге полиция қызметкерлері де карантин талаптарының қатаң сақталуын қадағалауда. Түлкібас ауданының полицейлері карантиндік режим мен санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды бұзып, көкпар ұйымдастырған тұрғынды анықтады. Нақтырақ айтсақ, Рысқұл ауылының тұрғыны тау бөктерінде көкпар өткізген.
Бұл жағдайдан бірден хабардар болған Түлкібас АПБ ЖПҚ УПИ Нұрбол Есенбеков ойынға жиналған түрғындарды тарқатты. Сондай-ақ, іс-шараға қатысушыларға карантин талаптарына жол бермеу туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Карантин кезінде көкпар ұйымдастырушыға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабы (Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтерді бұзу) бойынша әкімшілік хаттама толтырды. Жиналған материалдар тиісті заңды шешім қабылдау үшін СЭББ-ға жолданды.
Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері азаматтарды карантин режимін қатаң сақтауға, медициналық бетперде киюге және әлеуметтік қашықтықты сақтауға шақырады.