Кезекті той ұйымдастырған түркістандықтар жауапқа тартылды
Түркістандық тәртіп сақшылар карантин режимін бұзған бірнеше тұрғынды анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Індет жайлап, кең етек алғалы бері полиция қызметкерлерінің де біршама жұмыстары арта түсті. Әр тұрғынның денсаулығына алаңдап жүрген ордабасылық тәртіп сақшылары аудандағы тамақтану орындарына, сауда үйлеріне, азық-түлік дүкендерінде, адам көп шоғырланатын орындарда карантин талаптарының сақталуын қатаң түрде қадағалауда. Осындай кезекті рейдтік іс-шара барысында Ордабасы ауданы көлемінде карантин режимінің талаптарын сақтамау бойынша мамыр айының екінші жартысында тоғыз жайтты анықтады.
Атап айтқанда Ордабасы ауданы Темірлан ауылында орналасқан тойханалардың бірінде 70-ке жуық адам жиналып, құдалық тойы өтіп жатқандығы анықталды. Ал Бөген ауылында жергілікті тұрғын өзінің үйіне 50-ден астам адамды жинап, беташар тойын жасағаны белгілі болды. Сондай-ақ Бадам ауылындағы тойхананың бірі 80-ге жуық тұрғынды жинап, бесік тойын өткізген. Оларға қатысты түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабы (Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтерді бұзу) бойынша тиісті материалдар топталып, құжаттар заңды шешім қабылдау үшін Ордабасы аудандық СЭББ-ге жіберілді.
Түркістан облысы Полиция департаменті карантин режимі кезінде бекітілген талаптарды орындамай, тұрғындардың денсаулығына қауіп төндіретін азаматтар тиісті жазаға тартылатынын ескертеді. Сондықтан Бас санитарлық дәрігердің қаулысының талаптарын қатаң сақтау, бетперде кию және арақашықтықты сақтауды естен шығармаңыз.