Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Киберполицейлер 87 жастағы қарияның 39 млн теңгесін сақтап қалды

Елордада полицейлер алаяқтар ұрлаған 39 миллион теңгені зейнеткерге қайтарды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Астана қаласы полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы күрес басқармасы қызметкерлері интернет-алаяқтықтың ірі дерегін әшкерелеп, жәбірленуші 87 жастағы зейнеткерге ұрланған 39 миллион теңгесін қайтарып берді.

Оқиға биыл тамыз айында болған. Белгісіз адамдар мессенджер арқылы зейнеткермен байланысып, өздерін полиция мен Ұлттық банктің қызметкерлері ретінде таныстырған. Олар зейнеткерге "пәтеріңізді бөтен адамдар өз атына рәсімдеп, сатуға шығарды" деп сендіріп, мүлкін сақтау үшін пәтерін өзі сатып, қаражатты "қауіпсіз есепшотқа" аударуға шақырған.

Алаяқтар зейнеткерді Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық банк "қылмыскерлерді ұстауға бағытталған құпия операция жүргізіп жатыр" деп иландырып, бұл туралы ешкімге айтпауын қатаң ескерткен. Олардың айтқанын орындаған ер адам риэлторлық компания арқылы пәтерін сатып, 39 миллион теңгені курьерге тапсырған.

Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Жедел іздестіру іс-шаралары барысында полицейлер қылмысқа қатысы бар 23 жастағы ер адамның жеке басын анықтап, оны ұстады. Тексеру кезінде күдіктіден 39 миллион теңге табылып, тәркіленді.

Қазіргі уақытта ұсталған азамат Астана қаласы полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тәркіленген қаражат иесіне қайтарылды.

Биылғы жылдың басынан бері елорда аумағында үш мыңнан астам интернет-алаяқтық дерегі тіркелген. Полицейлердің айтуынша, мұндай қылмыстардың басты нысанасы — 50 жастан асқан азаматтар. Себебі олар көбіне қаржылық сауаттылықтың төмендігінен алаяқтардың құрбанына айналады.

Құқық қорғау органдары азаматтарды сақ болуға және бейтаныс адамдардың қоңырауларына сенбеуге шақырады. Полиция қызметкерлері ешқашан мүлікті сатуды, несие рәсімдеуді немесе ақшаны "қауіпсіз есепшотқа" аударуды сұрамайды. Осындай мазмұндағы қоңырау түскен жағдайда әңгімені дереу тоқтатып, жақын маңдағы полиция бөлімшесіне хабарласу қажет.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру