Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ
Логотип

«Киік» акциясы: Атырау облысында заңсыз аңшылыққа қарсы күрес күшейтілді

«Киік» акциясы: Атырау облысында заңсыз аңшылыққа қарсы күрес күшейтілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Атырау облысында желтоқсан айының 1-31 күндері аралығында киіктерді заңсыз аулаудың алдын алу және олардың өнімдерін дайындау мен сатумен айналысатын тұлғаларды анықтау мақсатында «Киік» кең ауқымды акциясының қысқы кезеңі өтуде. Бұл шара табиғатты қорғауға бағытталған кешенді жұмыстардың маңызды бөлігі болып табылады.

Атырау облысы полиция департаментінің Балық қорларына қылмыстық қол сұғушылыққа қарсы күрес бөлімі осы акция аясында екі жұмыс тобын құрып, Құрманғазы, Исатай, Индер, Махамбет және Қызылқоға аудандарында құқық бұзушылықтардың алдын алу және оларды анықтау бойынша ауқымды жұмыстар жүргізуде. Сонымен қатар тұрғындарға заң талаптарын түсіндіруге бағытталған профилактикалық шаралар ұйымдастырылып, құқықтық ақпарат берілуде.

Махамбет, Исатай және Индер аудандарында облыстық Орман және жануарлар дүниесін қорғау аумақтық инспекциясымен бірлесіп рейдтік іс-шаралар өткізілді. Бұл жұмыстар табиғат қорғау саласындағы ынтымақтастықтың жарқын мысалына айналды.

Акция барысында Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы, «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерваты, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметі, Атырау облыстық Балық шаруашылығы басқармасы және мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасының өкілдері бірлескен жұмыс тобын құрып, аймақтық бақылауды күшейтті. Олар алқаптар мен жайылымдарды, сондай-ақ ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды тексеріп, аңшылық атыс қарулары мен суық қаруды, сондай-ақ патрондарды сақтау және тасымалдау тәртібін бақылауда ұстауда.

Сонымен қатар биологиялық ресурстар мен олардың өнімдерін заңсыз тасымалдауға байланысты деректерді анықтау бағытында да қарқынды шаралар қолға алынды. Табиғат қорғау органдары заңсыз аңшылық әрекеттерін болдырмау және табиғи байлықтарды қорғау мақсатында қатаң бақылау жүргізіп, аймақтағы экологиялық тұрақтылықты сақтауға өз үлестерін қосуда.

Аталған акция Атырау облысының табиғатын қорғауға бағытталған маңызды шара ретінде киіктердің саны мен олардың тіршілік ортасын сақтап қалуға ықпал етпек.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру