Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Киіз үй, құмай тазы, ұлттық мұражай: Ақтөбеде «Жолда қабылдау» акциясы ерекше форматта өтті

16 мамырда Ақтөбе облысының полиция қызметкерлері республикалық маңызы бар  Ақтөбе – Астрахань автожолында жүргізушілермен ерекше форматтағы кездесу ұйымдастырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Темір ауданы Шұбарқұдық ауылының маңында өткізілген «Жолда қабылдау» акциясының басты мақсаты –  жол-көлік оқиғаларының алдын алу, осы мақсатта жолдағы жүргізушілермен бетпе-бет кездесіп, тиісті түсіндіру жұмыстарын жүргізу.

Кең ауқымды акцияға полиция қызметкерлерімен қатар, «Қазавтожол» АҚ, прокуратура, төтенше жағдай, жедел жәрдем  қызметтері, Темір ауданы әкімдігінің өкілдері жұмылдырылды. Шара барысында полиция қызметкерлерімен алыс жол жүріп келе жатқан жүргізушілер, оның ішінде ауыр жүк көліктерінің жүргізушілері тоқтатылып, уәкілетті қызметкерлер олармен жол қозғалысы ережелерін сақтау, апаттық-қауіпті учаскелер бойынша тиісті түсіндіру жұмыстарын жүргізді, сондай-ақ оларды толғандырған сұрақтарға жауап берді. Әрі қарай жүргізушілер, оның ішінде шетел азаматтары жол жиегіне тігілген киіз үйде ұлттық тағамдардан дәм татуға шақырылды.

Ашық аспан астында ұйымдастырылған, қазақтың салт-дәстүрін танытатын мұражай экспонаттары ұзақ уақыттан бері жол жүріп келе жатқан шетелдік жүргізушілердің, оның ішінде Грузия, Әзірбайжан, Түркия, Қырғызстан мемлекеттерінің азаматтарына ерекше көңіл күй сыйлады. Қазақы тазыға таң-тамаша болған олар бір сәт атқа да мініп, бой жазды. Жүргізушілердің шаршаңқы күйде көлік басқаруына жол бермеу мақсатында олардың денсаулық жағдайлары да тексерілді.

– Шараны өткізу орны да кездейсоқ таңдалған жоқ. Өкінішке орай, жыл басынан бері облыс аумағындағы республикалық маңызы бар жолдарда болған 28 жол-көлік оқиғасында 26 адам қаза болса, оның ішінде 13 адамның өлімі осы Ақтөбе – Астрахань автожолында болды. Сонымен қатар биыл облыста республикалық жолдарда тіркелген жол апаттарында 10 шетел азаматы қаза болды. ЖКО басты себептері жүргізушілердің кінәсінен болып отыр, сондықтан  бүгінгі апаттық қауіпті учаскеде өткізілген бұл шара жүргізушілерге ой салады деп ойлаймыз, – деді Ақтөбе облысы ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдос Құлжанов.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру