Кинолог маман қырағы серігімен бірге қауіпсіздік күзетінде
21 маусым – төрт аяқты серігімен бірге қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүрген кинолог мамандардың кәсіби мерекесі. Кинолог – иттердің мінез-құлқын, тәртібі мен қабілетін зерттеп, оларды түрлі қызметке бейімдейтін әрі үйрететін ерекше мамандық иесі. Ендеше олар туралы Polisia.kz сайты аз-кем баяндап береді.
Қылмыстық-атқару жүйесіндегі кинологтардың міндеті – мекеме ішіндегі ішкі тәртіпті сақтау, тыйым салынған заттардың енуінің алдын алу. Атап айтқанда олар ұялы телефон, есірткі, қару-жарақ, жарылғыш заттар секілді қауіпті дүниелердің заңсыз жолмен жеткізілуіне тосқауыл болады. Бұл жауапты қызмет – адам мен ит арасындағы өзара сенім мен үздіксіз жаттығулардың нәтижесі.
Солардың бірі – әділет сержанты Виктор Суглов. Ол – БҚО бойынша ҚАЖД-ға қарасты №74 мекеменің тәжірибелі кинолог маманы. Өз ісіне аса жауапкершілікпен қарап, қызметтік иттерді тәрбиелеудің барлық қыр-сырын жетік меңгерген маман.
Қазіргі таңда аталған тергеу изоляторында 5 қызметтік ит жұмыс атқарады. Солардың ішіндегі ерекшесі – Альфа атты неміс овчаркасы. 2017 жылы туған бұл ит 2018 жылы Алматы қаласындағы ҚР ІІМ Кинология оқу-жаттығу орталығында арнайы дайындықтан өткен. Бүгінде Альфа мекеме аумағын күзетіп, сотталғандардың қашуына жол бермеу бағытында қызмет атқаруда. Жүйелі жұмыс пен үйлесімді әрекеттің нәтижесінде мекеме аумағынан ешбір қашу фактісі тіркелмеген.
Айта кету керек, түрмелердегі кинологтар – арнайы дайындықтан өткен кәсіби мамандар. Олар иттермен бірлесіп, күрделі әрі маңызды міндеттерді орындап, мекеме қауіпсіздігін қамтамасыз етуде өлшеусіз еңбек сіңіріп келеді.