Кинолог маманның қызметтегі бір күні
Қылмыстың ізін суытпай ашып, күдіктіні дәл табуда қызметтік иттердің рөлі орасан. Ал олардың бабын жасап, мінезін түсініп, айғақ нысанды нақты нұсқауға баулитын кинолог мамандарының еңбегі — ерекше жауапкершілік пен кәсіби шеберлікті талап ететін іс. Ол туралы Polisia.kz сайтынан толығырақ оқыңыздар.
Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты №68 мекеменің режим және күзет бөлімінің бақылаушы-кинологы, әділет кіші сержанты Нұрымжан Дүйсенбеков өзінің қызметтегі серіктері туралы баяндайды.
Кинолог пен қызметтік ит ыммен-ақ түсінісіп, мекеме аумағында қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Олардың басты міндеті — тыйым салынған заттардың өтуіне жол бермеу және түрлі құқық бұзушылықтардың алдын алу.
Кинологтың жұмыс күні таңғы жаттығудан басталып, із кесу, иіс тану және күзет аумағын бақылау ісімен жалғасады. Сонымен қатар маман қызметтік иттің күтімі мен тамақтануына, денсаулығына да тікелей жауап береді.
— Кинолог қызметі — жеңіл жұмыс емес. Біз қызметтік иттің психологиясын, мінезін, қимылын түсініп, соған сай бағыт береміз. Ит те айналасына сергек қарап, әр дыбысқа елеңдеп, күдік туса бірден белгі береді. Бұл — өзара сенім мен үздіксіз жаттығудың нәтижесі. Ең бастысы — қауіпсіздікке қалқан болу. Қызметтік иттерді жеті айлығынан бастап үйретеміз. Мәселен, менің Рой есімді итімнің жасы қазір бірде. Күн сайын оған 1–1,5 сағаттай жаттығу өткіземіз. Үздіксіз дайындықтың арқасында кез келген кілтипанды тез анықтай аламыз, — дейді әділет кіші сержанты Нұрымжан Дүйсенбеков.
Кинологтың кәсіби біліктілігі мен қызметтік иттің табиғи түйсігі талай істің түйінін тарқатып, қауіпсіздікті қамтамасыз етуде зор үлес қосып келеді.