Көкшетау полицейлері бейнебақылау камерасының көмегімен велосипед ұрлығын ашты
Көкшетау полицейлері бейнебақылау камерасының көмегімен велосипед ұрлығын ашты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
4 ақпанда Көкшетау қаласының Полиция басқармасына облыс орталығының 58 жастағы тұрғынының дүкендердің бірінде белгісіз тұлға «Бүркіт» велосипедін ұрлап кеткені туралы өтініші келіп түсті. Жәбірленушінің айтуынша, оның 2005 жылы туған кәмелетке толмаған баласы дүкенге кіріп, қысқа уақытқа велосипедін қалдырған. Сауда саттық жасаға ер бала, дүкеннен шыға бергенде көлік құралының жоқтығын анықтады. Келтірілген шығын сомасы 58,5 мың теңгені құрады.
Жедел-іздестіру шаралары барысында күдікті анықталды. Ол 34 жастағы Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны болып шықты. Ол бейнебақылау камераларының көмегімен табылды. Жедел басқару орталығының бейнебақылау инспекторы көрші ауданда сипаттамасы бойынша ұқсас велосипедпен келе жатқан ер адамды байқап, бұл ақпаратты Көкшетау қалалық ПБ патрульдік полиция батальонының барлық жасақтарына берді.
«Әскер-10» автопатрулінің экипажы Н. Сабдин және С. Қазбеков күдіктіні ұстады. Медициналық куәландыру қорытындысына сәйкес, ер адам орташа дәрежеде мас күйінде болған.
ҚР ҚК 188-бабы 1-бөлігі (Ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Велосипед иесіне қайтарылды.