Көкшетау тұрғыны ағасын іздеуге көмектескен полицейлерге алғысын білдірді
Көкшетау тұрғыны ағасын іздеуге көмектескен павлодарлық полицейлерге алғысын білдірді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Көкшетаулық тұрғын ағасын табуға жәрдемдескені үшін Май аудандық полиция бөлімі қызметкерлеріне әлеуметтік желі арқылы алғыс айтты.
Оқиға "102" нөміріне түскен қоңыраудан басталған. Тұрғын ағасымен бірнеше күн бойы байланыса алмай жүргенін хабарлаған. Оның айтуынша, бір танысы ағасының ауруханаға түскенін айтқанымен, нақты ақпарат бермеген, кейін өзі де хабарсыз кеткен. Әйел адамның жағдайын ауырлатқаны — ол ағасына бара алмай, уайымда қалған.
Сол күні кезекшілік еткен полиция қызметкері Равиль Ташенов әйелдің шағымын мұқият тыңдап, дереу әрекет етті. Ол медициналық мекемелермен байланысқа шығып, ер адамның расында да ауруханаға жеткізілгенін анықтады. Құқық қорғаушы туысының уайымын басу үшін дәрігерлермен тікелей байланыс орнатқан.
Кейін Көктөбе ауылының учаскелік инспекторы Нығмет Бахтияр ер адаммен жеке жолығып, жағдайын білді. Белгілі болғандай, ол телефонын жоғалтып алғандықтан туыстарымен байланыса алмаған.
Ағасының аман-есен екенін білген тұрғын бұл жағдайға бейжай қарамаған тәртіп сақшыларына шын жүректен алғыс білдірді. Ол өз жазбасында полиция қызметкерлерінің жедел әрі сыпайы әрекеті арқасында сабыр сақтап, мәселенің оң шешілгенін атап өтті.
– Күн сайын осындай оқиғалар болып жатады. Біздің міндетіміз — азаматтың жағдайын түсініп, өз өкілеттігіміз аясында қолдан келген көмекті көрсету. Бұл – біздің күнделікті жұмысымыз, – дейді полицейлер.