Көкшетауда 18 жастағы тұрғын алаяқтың құрбанына айналды
Көкшетауда 18 жастағы тұрғын алаяқтың құрбанына айналды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Көкшетау қаласында полиция басқармасына 18 жастағы тұрғын алаяқтық құрбаны болғанын айтып шағымданды.
Оқиға 30 қыркүйекте болған. Жәбірленушінің айтуынша, бейтаныс ер адам танымал банктің мобильді қосымшасы арқылы оның атына iPhone 13 телефонын сатып алуға несие рәсімдеп, айлакерлік жолмен алдаған.
Алаяқ барлық құжаттар мен рәсімдерді аяқтаған соң, несиені өзі төлейтініне сендіріп, телефонды өзіне беруін өтінген. Сенгіш жас жігіт келісіп, гаджетті қолына тапсырған. Алайда алаяқ телефонын өшіріп, бірден байланысын үзген. Жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі 365 мың теңгені құрады.
Жедел-іздестіру шаралары барысында криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері 21 жастағы күдіктіні қолға түсірді. Қазір бұл факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.