Көкшетауда 5 млн теңгеден астам алимент төлемеген ер адамға қатысты тергеу басталды
Көкшетауда 5 миллион теңгеден астам алимент қарызын төлемеген ер адамға қатысты тергеу басталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
2 сәуірде Көкшетау қаласының полиция басқармасына елорда тұрғынынан өтініш түсті. Әйел Красный Яр ауылында тұратын бұрынғы жұбайы кәмелетке толмаған баланы асырау үшін алимент төлеу туралы сот шешімін орындамай отырғанын хабарлады. Бүгінгі таңда борышкердің алимент бойынша қарызы 5 миллион 327 мың теңгені құраған.
Ер адам алимент төлеуге қатысты бірнеше рет ескерту мен хабарлама алғанына қарамастан, соттың талаптарын орындаудан бас тартқан. Қарызды ерікті түрде өтеуге бағытталған барлық шаралар нәтиже бермеген.
Қазіргі уақытта борышкерге қатысты Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 139-бабы — "Балаларды немесе еңбекке жарамсыз ата-аналарды асырауға қаражат төлемеу" бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Алимент төлемеу тек заң бұзу ғана емес, ең алдымен баланың алдындағы жауапсыздықты көрсетеді. Әрбір әке мен ана баласының өміріне қатысуға, оның негізгі қажеттіліктерін қамтамасыз етуге және дамуын қолдауға міндетті.
Алимент төлемейтіндермен осындай құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында Ақмола облысында профилактикалық жұмыстар жүргізілуде. Бұл жұмыстар аясында борышкерлермен түсіндірме әңгімелер жүргізіліп, жұмысқа орналасу нұсқалары ұсынылады, сондай-ақ заңгерлік кеңестер беріліп, ата-аналық міндеттемелерді орындамаудың салдары туралы азаматтарды хабардар етуге ерекше назар аударылады.