Көкшетауда ер адам көшеде жасөспірімді ұрып-соққан
Көкшетауда ер адам көшеде жасөспірімді ұрып-соққан, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Көкшетау қалалық ПБ криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері кәмелетке толмаған балаға дене жарақатын салған күдіктіні анықтады. Жәбірленушінің анасы полицияға арыз берді.
Осы жылдың 2 ақпанында шамамен сағат 17.30 белгісіз ер адам жаяу жүргіншілер бағдаршамының қиылысында 16 жастағы жасөспірімнің басына соққы бергені алдын ала анықталды.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері күдіктіні ұстады, ол 41 жастағы облыс орталығының тұрғыны болып шықты. Куәлардың айғақтары бойынша қылмыстық құқық бұзушылық жасалған кезде қаскүнем алкогольдік масаң күйде болған.
Аталған факті бойынша ҚР ҚК 293-бабының 1-бөлігі (Бұзақылық) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.