Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Көкшетауда нашақорлықтың алдын алу бойынша ауқымды акция өтті

Көкшетауда нашақорлықтың алдын алу бойынша ауқымды акция өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Көкшетауда есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімшесінің бастамасымен құқық қорғау органдары мен белсенді жастардың қатысуымен нашақорлықтың алдын алуға бағытталған кең ауқымды акция ұйымдастырылды. Шараның басты мақсаты – қала тұрғындарын есірткі тұтынудың және заңсыз әрекеттерге қатысудың қауіптілігін тағы бір мәрте еске салу.

Акцияға учаскелік полиция инспекторлары, есірткі құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі кеңес мүшелері, "Жастар Рухы" жастар қанаты, "Феникс" қорының еріктілері, колледж студенттері және жедел-жастар жасағы кірді. Барлығы 150-ден астам қатысушы бір мақсатқа жұмылды – қоғамды есірткі қатерінен қорғау.

Департаменттің бейіндік бөлім басшысының орынбасары Дархан Досанов жастарға азаматтық белсенділігі мен бастамашылдығы үшін алғыс білдіріп, акцияның маңызын атап өтті. Ол қатысушыларға жеке үйлердің аулаларын аралап, есірткі жарнамаларын жою және халықпен түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажеттігін жеткізді.

Ұйымдастырушылар шағын ауданды кездейсоқ таңдамаған. Жедел уәкілдердің талдауына сәйкес, мұнда тыйым салынған жазуларды қолдану мен есірткі жарнамалары жиі кездеседі. Сондықтан негізгі міндет – есірткі дүкендеріне сілтемелер жасалған граффитилерді жою және тұрғындарға құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізу болды.

Студенттер мен еріктілер топтарға бөлініп, полиция қызметкерлерімен бірге алдын ала белгіленген көшелерді аралады. Бүріккіш бояулардың көмегімен олар есірткі таратушылардың байланыс деректері мен сайттарының мекенжайлары жазылған хабарландыруларды жойды. Сонымен қатар, қала тұрғындарына парақшалар таратылып, жастармен әңгімелер өткізілді.

Жастар оңай табыс уәделері арқылы арбауға түсіп қалмаудың жолдары туралы пікірлерімен бөлісіп, құрдастарын сақтыққа шақырды.

Полиция мен еріктілердің бірлескен бастамасы қала тұрғындарының көңілінен шығып, жылы қолдау тапты. Ал белсенді жастар мұндай шараларға қатысуға одан әрі ынталанды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру