Көкшетауда полицейді балағаттаған ауыл тұрғыны жауапқа тартылады
Көкшетауда полицейді балағаттаған ауыл тұрғыны жауапқа тартылады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
9 сәуірде Көкшетау қалалық Полиция басқармасына Ақмола облыстық балалар ауруханасының қабылдау бөлмесінде өзін дұрыс ұстамай және қоғамдық тәртіпті бұзып жатқан масаң күйде ер адам бар деген шақырту келіп түсті. Барлық жағдайды анықтау үшін емдеу мекемесіне учаскелік полиция инспекторы жіберілді. Полицейдің тәртіп бұзушыны тыныштандыруға және оның заңсыз әрекеттерін тоқтатуға әрекеті кезінде ер адам учаскелік полиция қызметкеріне дөрекі сөздер айтқан.
Медициналық қорытындыға сәйкес, тәртіп бұзушы «жеңіл дәрежедегі» мас күйде болғаны анықталды. Зеренді ауданы Шағалалы ауылының 36 жастағы азаматы.
Аталған оқиға бойынша ҚР ҚК 378-бабы 2-бөлігіне сәйкес (Билік өкілін балағаттау) сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.
Баптың санкциясына сәйкес, қызметтік міндеттерін орындау кезінде полиция қызметкерімен дөрекі сөйлегені үшін ер адамға 160 АЕК дейін айыппұл салу немесе сол мөлшерде түзету жұмыстары немесе 160 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту немесе қырық тәулікке дейін қамауға алу қаупі бар.