Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Көкшетауда полицейлер үйлену тойы кортежінің жүргізушілерін жауапқа тартты

Көкшетауда полицейлер үйлену тойы кортежінің жүргізушілерін жауапқа тартты, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Көкшетау қаласында полиция қызметкерлері жол қозғалысы ережесін бірнеше рет өрескел бұзған үйлену кортежінің төрт жүргізушісін жауапқа тартты.

Жағалау көшесін патрульдеу барысында тәртіп сақшылары топталып тұрған жастарды байқап, тексеріс кезінде олардың үйлену тойына дайындалып жатқанын анықтады. Полицейлер жас жұбайларға ізгі тілектерін білдіріп, жиналғандарға жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтау қажеттігін ескертті.

Алайда ескертуден кейін де жүргізушілер Жағалау көшесіне шығып, жол қозғалысы ережелерін қасақана бұза бастады. Бұл әрекеттер өздерімен қатар өзгелердің де өміріне қауіп төндірді. Алғашқы рет құқық бұзушылар Назарбаев көшесінде тоқтатылып, оларға жолдағы тәртіп ережелері қайта түсіндірілді. Мерекелік жағдайды ескере отырып, бұл жолы полиция профилактикалық әңгімемен шектелді.

Дегенмен бірнеше минуттан соң сол Mercedes-Benz 230 E, Hyundai Grandeur, Lexus GX 430 және Lexus ES 300 маркалы көліктері Әуезов көшесінде қайтадан тәртіп бұзды. Бұл жолы жүргізушілерге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 593-бабы (Жолаушылар мен жүктерді тасымалдау кезіндегі қауіпсіздік белдіктерін немесе мотошлемдерді пайдаланбау) және 595-бабы (Маневр жасау қағидаларын бұзу) бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылып, заң аясында жауапқа тартылды.

Полиция мұндай әрекеттердің ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін екенін атап өтіп, азаматтарды, әсіресе мерекелік күндері, жауапкершілік танытып, өз өмірі мен өзгелердің қауіпсіздігін қатерге тігуге жол бермеуге шақырды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру