Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Көкшетауда полиция ауа температурасының төмендеуіне байланысты әлеуметтік рейд өткізді

Көкшетауда полиция ауа температурасының төмендеуіне байланысты әлеуметтік рейд өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Ауа температурасының төмендеуіне байланысты Көкшетауда тұрғылықты мекенжайы жоқ адамдарға және қатты аязда зардап шегу қаупі бар азаматтарға көмек көрсетуге бағытталған профилактикалық рейд ұйымдастырылды.

Рейдтің алғашқы күні учаскелік полиция инспекторлары қабылдау-тарату орнының қызметкерлерімен, әлеуметтік бейімдеу орталығының мамандарымен және "Қазақстан Республикасының Ұлттық Қызыл жарты ай қоғамы" ҚБ Ақмола облыстық филиалының директоры Асхат Уаисовпен бірлесіп, аталған санаттағы адамдардың болуы мүмкін орындарын тексерді.

Мобильді топтар жылу трассаларын, құдықтарды, тұрғын үйлердің подъездерін және қараусыз қалған ғимараттарды аралады. Сонымен қатар учаскелік инспекторлар спирттік ішімдікті шамадан тыс пайдаланатын және үсіп қалу қаупі жоғары адамдар тұратын үйлерді де тексерді.

— Біз ұзақ уақыт бойы далада жүрген, сыртқы келбеті күтімсіз және ауа райы жағдайына бейімделмеген адамдарға ерекше назар аударамыз. Көбінесе мұндай жағдайлар туралы бейжай қарамайтын тұрғындар хабар береді, біз ол ақпараттарға жедел түрде әрекет етеміз, — деді қоғамдық қауіпсіздік бөлімінің бастығы Азамат Метаев.

Рейдке қатысушылардың айтуынша, мобильді топтар алдымен азаматтың жағдайын бағалайды. Қажет болған жағдайда медициналық көмек көрсетіледі: дәрігерлер шақырылады немесе адам медициналық мекеменің қабылдау бөліміне жеткізіледі.

Өкінішке қарай, кейбір азаматтар ұсынылған көмектен бас тартады. Мұндай жағдайда полицейлер түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, қатты аязда далада болудың қауіпті екенін ескертеді. Адамды мәжбүрлеп жеткізу тек өміріне қауіп төнгенде немесе дәрменсіз күйде болған жағдайда ғана мүмкін.

Рейдтің бір күнінде әлеуметтік бейімдеу орталығына 10-нан астам адам жеткізілді. Олардың барлығына қажетті көмек көрсетіліп, тамақ пен түнейтін орын ұсынылды. Қазіргі таңда орталықта 20 үйсіз адамға көмек көрсетілуде.

Айта кету керек, қыс мезгілі басталғалы бері Көкшетау қалалық полиция басқармасының қабылдау-тарату орнына шамамен 50 адам жеткізілген. Оларға да тиісті көмек көрсетілді.

Полицейлер қала тұрғындарын бейжай қалмауға және ауа райының күрделі жағдайында далада жүрген адамдарды байқаса, дереу хабарлауға шақырады. Бәлкім, сіздің бір қоңырауыңыз бір адамның өмірін сақтап қалуы мүмкін.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру