Көкшетауда қоғамдық тәртіпті бұзған 40 азамат жауапқа тартылды
Көкшетау қаласының қоғамдық орындарындағы қауіпсіздік пен тәртіпті сақтау мақсатында полицейлер алдын алу шараларын жүргізуде, – деп хабарлайды Polisia.kz.
12 қарашада сағат 21:00-ден 02:00-ге дейін өткізілген рейдтік іс-шаралар нәтижесінде 40 азамат түрлі құқық бұзушылықтар үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олардың ішінде қоғамдық орындарда мас күйінде жүргендер, тыныштықты бұзғандар және жалпы пайдалану орындарын ластағандар анықталды.
Құқық бұзушылықтардың алдын алу аясында полицейлер тұрғылықты жері бойынша есепте тұрған азаматтарды тексерді және түнгі мекемелерге рейд жүргізді. Бұл іс-шаралар барысында облыс орталығындағы түнгі клубтардың бірінде еңбек қызметін рұқсат құжаттары мен жеке басын куәландыратын құжаттарсыз атқарып жүрген шетел азаматы ұсталды. Ол одан әрі тексеру үшін көші-қон қызметіне тапсырылды.
Көші-қон мен қоғамдық қауіпсіздікті бақылау шеңберінде 18 азаматтың тіркеусіз тұрып жатқаны анықталды. Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында полицейлер 34 ойын-сауық орны мен сауда нүктесін тексеріп, нәтижесінде ҚР ӘҚБтК-нің 200-бабы бойынша алкогольді заңсыз сату фактісін тіркеді.
Жасөспірімдермен жұмыс жүргізу де ерекше назарда болды. Түнгі уақытта көшеде ересектердің еріп жүруінсіз жүрген төрт кәмелетке толмаған бала ұсталып, оларға қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылды. Полицейлер ата-аналар мен заңды өкілдерге балалардың қауіпсіздік ережелерін сақтау, олардың бос уақыты мен әрекеттерін қадағалау қажеттілігі туралы ескерту жасады.
Сонымен қатар, бес кәмелетке толмаған бала “Шанс” балаларды қолдау орталығына орналастырылды. Оның төртеуі бір отбасының балалары, олар тексеру кезінде үйде жалғыз қалып, мектепке бармағаны анықталды.
Қоғамдық орындарда мас күйінде жүрген алты адам уақытша бейімдеу және детоксикация орталығына жіберілді. Бұл шаралар қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қоғамдық тәртіпті сақтау үшін қолға алынған маңызды қадамдардың бірі болып табылады.