Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Көкшетауда соғыс және ІІО ардагерінің құрметіне мемориалдық тақта орнатылды

Көкшетауда соғыс және ішкі істер органдарының ардагері, Сталинград шайқасына қатысушы, Красный Яр ауылының бірінші милиционері Негметжан Қасеновке мемориалдық тақта ашылды, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Көкшетауда Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында Ұлы Отан соғысы және ішкі істер органдарының ардагері, Красный Яр ауылының бірінші милиционері, отставкадағы милиция старшинасы Негметжан Қасеновке мемориалдық тақта орнатылды.

Салтанатты шара Красный Яр ауылында майдангер тұрған үйдің жанында өтті. Мемориалдық тақтаның ашылу салтанатына полиция департаментінің басшылығы, Ардагерлер кеңесінің төрағалары, Краснояр ауылдық округінің әкімі, жеке құрам мен ардагердің туыстары қатысты.

1939 жылы 19 жасар Негметжан Қасенов Кеңес Армиясының қатарына шақырылып, Ұлы Отан соғысына қатысты. Ардагер Ұлы Отан соғысының маңызды және қанды шайқастарының бірі – Кеңес әскерлерінің толық жеңісімен аяқталған Сталинград шайқасының қатысушысы болған. 1942 жылдың 17 шілдесінен 1943 жылдың 2 ақпанына дейін кеңес сарбаздары, оның ішінде Негметжан Қасенов те жаудың қатал шабуылдарын тойтарып, бүкіл екінші дүниежүзілік соғыстың тарихы мен барысын өзгертті.

Кейін, майдангер Украина майданына жіберілді, ал жеңісті мамырды Германияда Галле қаласында қарсы алды. 1945 жылғы маусымда Негметжан Қасенұлы үйіне оралып, қызметін бейбіт уақытта, құқықтық тәртіп қызметкерлері қатарында жалғастырды.

Красный Яр ауылының алғашқы милиционері ретінде майдангер ішкі істер органдарында 30 жылдан астам қызмет атқарды, қазақстандық милицияның құрылуы мен қалыптасуына зор үлес қосты, тәртіп сақшыларының тұтас буынын тәрбиеледі. 

Қызмет барысында көрсеткен кәсібилігі мен жанқиярлығы үшін Негметжан Қасенұлы Кеңес өкіметінің 50 жылдығына орай шыққан "Синие шинели" жинағында "Годы тревожной службы" повесінің кейіпкері болды.

Ұлы Отан соғысы майдандарындағы ерлігі және ішкі істер органдарындағы мінсіз қызметі үшін Негметжан Қасенұлы "За взятие Берлина", "За мужество" медальдарымен, мерейтойлық және ведомстволық наградалармен марапатталды. 

Іс-шараның ресми бөлігі барысында шақырылған қонақтар мен майдангердің немерелері сөз сөйледі. Іс-шараның арнайы қонағы белгілі автор және орындаушы Нұрболат Бекетаев болды. Ол салтанатты шараға қатысушылар үшін өзінің "Ардагерлер" және "Туған елім" композицияларын орындады. 

Мемориалдық тақтаны ашудың құрметті құқығы Көкшетау қалалық соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы Шияп Алиевке және ІІО мен ҰҰ ардагерлер кеңесінің төрағасы Дәуітбек Нұрғалиевке берілді. Қатысушылар тақтаға гүл шоқтарын қойып, ардагерді еске алды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру