Ақмола облысында “Үздік кадет” байқауы өтті
Көкшетауда “Үздік кадет” байқауы өтті, — деп хабарлайды Polisia.kz.
5 мамырда Көкшетау қалалық полиция басқармасының бастамасымен №11 мектеп-гимназиясында “Жасөспірім” жедел алдын алу шарасы аясында “Үздік кадет” байқауы ұйымдастырылды. Байқау Отан қорғаушылар күніне және Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай өткізіліп, жасөспірімдер арасында патриоттық тәрбиені және азаматтық жауапкершілікті қалыптастырудың жарқын үлгісіне айналды.
Байқауға “Жас сақшы” бағдарламасы бойынша оқытылатын кадет және әскери-спорттық сынып оқушылары қатысты. Мақсат — үздік қатысушыларды анықтау, көшбасшылық қасиеттерді, құқықтық сауаттылықты, дене және әскери дайындықты дамыту, сондай-ақ кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу.
Байқау бағдарламасы бес кезеңнен тұрды: өзін-өзі таныстыру — қатысушылар өздері туралы айтып, қызығушылықтары мен жетістіктерімен бөлісті. Кадет жарғысын білу — теориялық бөлім, онда тәртіп, сауаттылық және қызмет негіздерін түсіну бағаланды. Спорттық жарыстар қатысушылардың дене дайындығын бағалауға мүмкіндік берді. “Әскери дайындық” кезеңінде кадеттер қару-жарақты жинап-бөлшектеу және жеке қорғаныс құралдарын қолдану дағдыларын көрсетті.
Шығармашылық байқауда — қатысушылар патриоттық мазмұндағы театрландырылған көріністер, вокалдық және музыкалық нөмірлер ұсынды.
Қатысушыларды білікті қазылар алқасы бағалады. Барлық кезеңнің қорытындысы бойынша 8-сынып әскери-спорттық оқушысы Алдияр Ерғожа жеңімпаз атанды. 2-орынды 9-сыныптың әскери-спорттық оқушысы Ануар Жамалиев иеленсе, 3-орын 5-сыныптың “Жас сақшы” оқушысы Мәдияр Исламбекке бұйырды.
Жеңімпаздар мақтау қағаздарымен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
“Үздік кадет” байқауы жасөспірімдердің өзін-өзі танытуына мүмкіндік беретін алаң ғана емес, сонымен қатар девиантты мінез-құлықтың алдын алуға, тәртіпті нығайтуға және өмірлік жолды саналы таңдауға дайындайтын тиімді құрал болды.