Көкшетауда жедел жәрдем көліктеріне ЖҚЕ тіркейтін жүйелер орнатылды
Ақмола облысында жедел жәрдем көліктеріне жаңа технология енгізілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Көкшетау қаласында жедел жәрдем көліктерін жол қозғалысы ережелерінің бұзылуын автоматты түрде тіркейтін жаңа жүйелермен жабдықтау бойынша пилоттық жоба іске қосылды. Бұл бастама жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен «Заң және тәртіп» қағидаттарын нығайтуға бағытталған маңызды қадам болып табылады.
Жоба облыс әкімдігінің қолдауымен жүзеге асырылып, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерінде ведомствоаралық өзара іс-қимылдың маңыздылығын айқын көрсетті. Жедел жәрдем көліктеріне орнатылған заманауи мобильді аппараттық-бағдарламалық кешендер жасанды интеллект жүйесімен жабдықталған. Олар жылдамдықты асыру, жол белгілерін сақтамау және тұрақ ережелерін бұзу секілді жол қозғалысы ережелерін автоматты түрде тіркеуге мүмкіндік береді.
Озық камералар мен радарлар орнатылған жүйе 360 градус панорамалық көрініс ұсынып, кез келген уақыт пен ауа райында, тіпті байланыс болмаған жағдайда да үздіксіз жұмыс істейді. Бұл құрылғылар ережелерді бұзушылықтарды алдын алуға ғана емес, күрделі жағдайларда оларды дәл тіркеудің тиімді құралына айналып отыр.
Полиция департаментінің өкілдері жаңа технологиялардың жол қозғалысы қауіпсіздігін арттырудағы маңыздылығын ерекше атап өтті. Бұл жүйе жүргізушілердің тәртібін жақсартып, жазаның бұлтартпастығы қағидатын іске асыруға ықпал етеді. Сонымен қатар, бұзушылықтарға «нөлдік төзімділік» қағидатын күшейту арқылы жол-көлік оқиғаларының санын азайтуға мүмкіндік береді деп күтілуде.
Бұл жоба – азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғауға бағытталған мемлекеттік органдардың тығыз ынтымақтастығының айқын мысалы. Жаңа технологияларды енгізу жол қозғалысының қауіпсіздігі саласында тың серпін беріп, қоғамда құқықтық мәдениетті қалыптастыруға өз үлесін қосары сөзсіз.