Көкшетауда жол қозғалысын реттеуге патрульдік полиция қызметкерлері жұмылдырылды
Көкшетауда жол қозғалысын реттеуге патрульдік полиция қызметкерлері жұмылдырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қаладағы 36 жол қиылысындағы техникалық жұмыстарға байланысты бағдаршамдар уақытша сөндірілгендіктен, тәртіп сақшыларының қосымша бақылауы қажет болды. Сағат 10:00-ден 14:00-арасында мамандар ақауды жойып жатқан уақытта полицейлер көлік пен жаяу жүргіншілер қозғалысын қолмен реттеп, кептеліс пен ықтимал жол-көлік оқиғаларының алдын алды.
Жұмыс күндері, әсіресе жолдағы көлік пен жаяу жүргіншілер легі көбейетін таңертеңгі және кешкі уақытта, жол апатының қаупі жоғарылайды. Осыны ескере отырып, қаладағы ең қарбалас қиылыстарда патрульдік полиция инспекторлары реттеуші қызметін атқарды.
Сонымен қатар қалалық полиция басқармасы әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізіп отырады. Егер қозғалыс қиындығы туралы хабарламалар немесе азаматтардан шағымдар түссе, полицейлер тұрған белгіленген учаскеге бірден патрульдік полиция экипажы жіберіледі.
ППБ қызметінің инспекторы Жандос Ескендіров үшін бұл күн ерекше болды — ол қызметтік тәжірибесінде алғаш рет жол қозғалысын реттеу міндетін орындады. Оның тәлімгері — Алмас Майжан жас әріптесіне тапсырманы сенімді орындауға және жолдағы тәртіпті сақтауға көмектесті.
— Жол қозғалысын реттеу – бұл жай ғана таяқшаны бұлғау емес. Бұл – мыңдаған адамның қауіпсіздігі үшін жауапкершілік. Ең бастысы – назарды жоғалтпау, сенімді әрі сабырлы болу, — деді Алмас Майжан.
Көкшетау патрульдік полиция қызметкерлері жол қозғалысының қауіпсіздігі мен қала тұрғындарының жайлы жүруін қамтамасыз ету бағытындағы қызметін жалғастырып келеді.
