Көлік айдап әкетушіні ұстау, нашақор-жүргізушіні анықтау – СҚО-да күзет құрылымдарының қызметкерлері полицейлерге көмек көрсетуде
СҚО-да күзет құрылымдарының қызметкерлері полицейлерге көмек көрсетуде, – деп хабарлайды Polisia.kz.
СҚО-да 48 жеке күзет ұйымының 700-ге жуық қызметкері қоғамдық тәртіпті күзетуге ұдайы қатысып отырады. Күзетілетін объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етумен бірге, 17 күзет ұйымының мобильді топтарының 32 экипажы орталықтандырылған бақылау пультіне келіп түсетін дабылдарға шығуды жүзеге асырады. Кезекші топтар бекітілген секторларында жасалған құқыққа қайшы әрекеттерге ден қоюға дайын.
Мәселен, маусым айында күзет фирмаларының бірінің экипажы Мамлют ауданының ПБ бағдары бойынша «Audi» автомашинасын айдап әкетуде күдіктіні ұстады. Тамызда күзет қызметкерлері Петропавл қ. мектептердің бірінің аумағында жанжалдасып жатқан екі жігітті ұстап, шақыртуға келген полицейлерге табыстады. Қазанда Мещанский орманы ауданындағы күзетілетін аумақта тұрған автомашинаны тексеру кезінде, күзетшілер көлік салонында масаң күйде отырған үш жолаушы мен жүргізушіні анықтап, полицияға хабарлаған. Медициналық куәландыру жүргізушінің есірткілік масаң күйде екендігін анықтады. Бұл күзет қызметкерлері жұмысындағы бірлі-жарым ғана оқиға.
– Олар қоғамдық тәртіпті күзету ісінде полицейлердің сенімді көмекшілері болып табылады, – дейді СҚО ПД Күзет қызметін бақылау бөлімінің бастығы Руслан Даньяров. – Жыл басынан күзет қызметкерлері күзетілетін объектілерінде қылмыстарды ашудың жеті фактісіне қатысты, 145 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтап, 26 ұрлық пен құқық бұзушылықтың жолын кесті.
СҚО-да барлығы 93 жеке күзет құрылымы тіркелген. Онда 1632 күзетші жұмыс істейді. Олар бес мыңнан астам объектінің қауіпсіздігін жүзеге асырады, оның 502-сі адамдардың өзімен жасалатын күзет. Орталықтандырылған бақылау пультінің көмегімен 4800-ден астам объект күзетіледі, оның ішінде азаматтардың 1066 пәтері мен үйлері бар.