Полицейлер жолда қалған қарияның көлігін жөндеп берді
Солтүстік Қазақстан облысында патрульдік полиция қызметкерлері жолда бұзылып қалған көлікті жөндесуге көмектесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Көлік Петропавл қаласынан Ақжар ауданына қарай бет алса керек. «ВАЗ-2104» ішінде жүргізуші мен төрт жолаушы болған. Кенет қарсы бағытта келе жатқан жүк машинасының дөңгелегі астындағы мұз жеңіл көліктің алдыңғы әйнегіне түсіп, сындырып жіберген. Бұл оқиға 22 наурыз күні болды.Жолаушылардың Аққайың ауданы аумағында желдің өтінде тұрып қалғаны болмаса, зардап шеккендер жоқ.
Арада бірер уақыт өткенде патрульдік полиция батальонының экипажы келіп тоқтайды. Мән-жайды білген полицейлер қария басқарған көліктегі жолаушыларды көліктеріне отырғызып, жигулиге Келлеровкаға дейін ілесіп жүреді.
Полицейлер жол бойы автоқосалқы бөлшектер сататын дүкендегі таныстарына хабарласып, қарызға автобөлшек алып береді. Тағы бір танысы алдыңғы әйнегін әкеп беруге келіскен. Жолаушылар туыстарының үйінде бой жылытып отырған кезде тәртіп сақшылары көліктерін жөндеуге көмектеседі. Сөйтіп айналдырған бір жарым сағаттың ішінде жолаушылар жолға қайта шықты.
Патрульдік полицейлер Балтабай мен Вишневский ауызша айтылған алғысты жеткілікті көрсе де, егде жастағы жолаушының бірі Күләш Балтабекова амалын тауып, Whatsapp мессенджері арқылы облыстық полиция ведомствосының баспасөз қызметіне: «Бізге көмекке келген Балтабай Жігер мен Евгений Вишневскийге алғыс жариялап, марапаттауларыңызды сұраймыз» деген мазмұнда хабарлама жолдаған.
«Әр экипаж қызметке түскен кезде жолда қиын жағдайға тап болған адамдарға көмек көрсету керек деген тапсырма алады, – дейді СҚО ПД ППД командирі Ерлан Мәдиев. – Бұл біздің жұмысымыз, дегенмен Наурыз мерекесінде айтылған жылы лебіз қызметкерлеріміздің мерейін өсіріп, алдағы уақытта да адал қызмет атқаруға септігін тигізері анық.»