Көлік полицейі «Үздік тергеуші – 2023» республикалық слетінде 1-орын иеленді
Көлік полицейі «Үздік тергеуші – 2023» республикалық слетінде 1-орын иеленді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
2023 жылғы 20-22 желтоқсан күндері ІІМ-нің Бәрімбек Бейсенов атындағы Қарағанды академиясында ІІМ ұйымдастыруымен үздік тергеушілердің республикалық слеті өткен болатын.
Аталған іс-шараға еліміздің барлық облыстарынан білікті деп танылған 25 тергеуші қатысып, бақтарын сынады.
Олар қылмыстық және қылмыстық-процессуалдық заңнаманың теориясы мен практикасы тақырыбында тестілеуден өту, тергеу іс-қимылдарын жүзеге асыру, «Менің мамандығым» тақырыбында эссе жазудан бақтарын сынады, сондай-ақ қатысушылар арасында құралайды көзге атқан мергендікті анықтау үшін “Макаров” тапаншасынан оқ ату жарыстары да ұйымдастырылды.
Нәтижесінде тергеушілер арасынан жүзден жүйрек, мыңнан тұлпарлар анықталып, тергеу саласының қыр-сырын меңгерген, жаста болса жоғары кәсібилік қасиетімен ерекше көзге түскен көліктегі полиция департаментінен тергеу басқармасының тергеушісі Елдар Нұралин өте жоғары ұпаймен жүлделі 1 орынды жеңіп алды.
Департамент бастығы Бақытжан Малыбаев жеңмпазды ішкі істер министрі Ержан Сәденовтың атынан құттықтап, оған грамоталар мен арнайы сыйлықтарды табыс етті. Бұдан соң ол өз ісіне адалдық танытып жүрген Елдар Бағдарұлының алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.
Елдар Нұралин – полиция отбасында дүниеге келіп, ер жетті. Әкесі – Әбуов Бағдар қазіргі уақытта Ақтөбе облысының полиция департаментінде қызмет етеді. Полиция полковнигі. Ал анасы – Сарина Марита Әлібекқызы – ұстаз, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.
– Бала күнімнен-ақ алдыма полицей болам деген мақсат қойдым, – дейді Елдар.
Орта мектепті бітіргеннен кейін ІІМ-нің Б. Бейсенов атындағы Қарағанды академиясына оқуға түседі. Ол жерде оған Ресей Федерациясы ІІМ-нің Омбы академиясында білімін ұштауға ұсыныс беріледі. Ресейлік академияда терең білім алған Елдар оны «Ұлттық қауіпсіздікті құқықтық қамтамасыз ету» мамандығы бойынша үздік бітіріп шығады.
Елдар Нуралин осы жылдар ішінде өз ісін жетік білетін, ортасына сыйлы, өте қайырымды азамат ретінде көрсете білді. Бірнеше рет ІІМ мен көліктегі ПД басшылығының марапаттарына ие болды. Берекелі отбасының тірегі, жұбайы Диляра екеуі қазір үш бала тәрбиелеп, өсіріп отыр.
– Бұл марапат менің жұмысыма деген ынтамды арттырып қана қоймайды, бұл басшылықтың маған артқан үлкен сенімі, оны ақтау үшін жоғары нәтижелерге қол жеткізу керек, – дейді үздік тергеуші.