Көлік полицейлері 9 айды қорытындылады
Көлік полицейлері 9 айды қорытындылады, – деп хабарлайды Polisia.kz
Көліктегі ПД-ның бастығы Оңал Бекеевтің төрағалық етуімен ведомствоның 2022 жылғы 9 айда атқарған жұмыстары бойынша жедел кеңес өтті. Оған бастықтың орынбасарлары, департамент аппараты қызметтері мен аумақтық бөліністерінің басшылары қатысты. Басқосу барысында көлік полициясының басым бағыттары, оның ішінде қылмыспен алдын алу, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, сондай-ақ әрбір бөліністерде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес шараларын күшейту бойынша мәселелер қаралды. Кеңесті ашқан О. Бекеев республиканың темір жол және әуе көлігі нысандарындағы қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға басты назар аударды.
Департаменттің жеке құрамы барша күштер мен құралдарды қылмыспен күреске және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге жұмылдыру қажет екендігін нықтап айтты. Баяндама жасаған Көліктегі ПД бастығының бірінші орынбасары Мадияр Айтуғанов жыл басынан бері көлік сақшыларымен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша жүйелі жұмыс жүргізілгенін айтты.
– Барлығы 1345 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелген болса, жалпы қылмыстардың ашылуы 77,6%-ды құрады, – деді ол.
Баяндамашының айтуынша, заңсыз есірткі айналымы фактілерін анықтау және жолын кесу бойынша да бірқатар қомақты шаралар жүзеге асырылған. Департаменттің аумақтық бөліністері күштерінің көмегімен есірткі заттарының заңсыз айналымына қатысты 219 факт анықталды, оның ішінде 7 есірткі контрабандасының жолы кесілді.
Есірткінің заңсыз айналымынан 165 келіден аса түрлі есірткі заттары тәркіленіп алынды. Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың биылғы Жолдауындағы құқық қорғау құрылымдары қызметкерлеріне берген тапсырмаларын жүзеге асыруда мақсатты профилактикалық іс-шаралар жүргізілді.
Сондай-ақ жыл басынан бері 34019 құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке 800-ден астам шетелдік тартылды. Жиын соңында О. Бекеев желілік бөліністердің басшыларына қылмыстарды ашу мен анықтау бойынша, сыбайлас жемқорлық бағытында, сондай-ақ ұйымдасқан топтар құрамында орын алған қылмыстарды, заңсыз есірткі мен қару-жарақ айналымының алдын алу, жеке заттар ұрлығын ашу және алдын алу, жүк пойызындағы ұрлықтың жолын кесу, жедел қызмет көрсетудің барлық объектілерінде қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша нақты тапсырмалар берді.