Көлік полицейлері ардагерлерге құрмет көрсетті
Көлік полицейлері ардагерлерге құрмет көрсетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Көліктегі полиция департаментінің алаңында өткен ресми бөлімнен кейін мерекелік шара жанға жылы, шынайы атмосферада жалғасын тапты.
Арнайы ұйымдастырылған аумақта дала асханасы ашылып, қонақтарға әскери жылдардағы рецепт бойынша дайындалған нағыз солдат ботқасы ұсынылды. Безендірілген шатырлар, оттан шыққан түтін мен майданға тән атрибутика ерлікке толы кезеңнің рухын сезіндіре түсті.
Мерекелік көңіл-күйді елордалық "Жастар" театрының әртістері орындаған майдан әндері толықтыра түсті. Ашық аспан астында шырқалған "Катюша", "Смуглянка" және басқа да белгілі әндер тыңдармандардың жүрегіне жетіп, ерлік, батылдық пен Отанға деген сүйіспеншілікті еске салды.
Шараға құқық қорғау органдарының ардагерлері – ұзақ жылдар ішкі істер саласында абыроймен еңбек еткен зейнеткерлер қатысты. Оларға естелік сыйлықтар табысталып, көп жылғы адал қызметтері мен мамандыққа деген берілгендіктері үшін алғыс сөздері айтылды.
Ерлік жайлы естелік жүректерде өмір сүреді. Мұндай іс-шаралар ұрпақтар сабақтастығын сақтап, жастарға ерлікке толы өткенімізге, азаттық пен бейбітшілік жолында күрескен жандарға деген құрметті жеткізеді.