Көлік полицейлері әуе рейсінде құқық бұзған шетел азаматын жауапқа тартты
Көлік полицейлері Франкфурт – Астана әуе рейсінде құқық бұзған мас шетел азаматын жауапқа тартты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Франкфурт – Астана бағытындағы әуе рейсі ұшып келген соң, ұшақ бортында қоғамдық тәртіпті өрескел бұзған шетел азаматы акт бойынша әуежайдағы желілік полиция бөлімінің қызметкерлеріне тапсырылды.
Көлік полицейлері 48 жастағы Германия азаматының ұшақта алкогольдік мас күйде болғанын, агрессивті мінез-құлық танытып, балағат сөздер айтып, экипаж мүшелерінің заңды талаптарына бағынбағанын анықтады.
Құқық бұзушы Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің үш бірдей бабы бойынша жауапкершілікке тартылды, яғни алкогольдік ішімдіктер ішу немесе қоғамдық орындарға масаң күйінде келу, ұсақ бұзақылық жасау, сондай-ақ әуе кемесіндегі мінез-құлық қағидаларын бұзу.
Полиция әуе кемелерінде және көлік инфрақұрылымы нысандарында тәртіп сақтау – әрбір адамның азаматтығына қарамастан, міндеті екенін ескертеді. Қоғамдық тәртіпті бұзу – жолаушылар мен экипаждың қауіпсіздігіне қатер төндіреді және ҚР заңнамасына сәйкес қатаң жауапкершілікке тартылады.