Көлік полицейлері азаматтарды заң бұзушылыққа жол бермеуге шақырады
Көлік полицейлері азаматтарды заң бұзушылыққа жол бермеуге шақырады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ішкі істер органдары қызметкерлерінің алдына азаматтардың өмір сүру сапасына селкеу түсіретін ұсақ құқық бұзушылықтарды анықтау бойынша жұмыстарды жандандыру бойынша бірқатар міндеттер қойған болатын. Сонымен қатар Президент: “Заңсыздық, тәртіпсіздік, мәдениетсіздік елді жарға жығады. Мұндай жағымсыз үрдіске бүкіл қоғам болып қарсы тұруымыз керек. Мұны терең түсіну маңызды”, – деп нықтап айтты. Осыған сәйкес көліктегі полиция департаментінде құқық бұзушылыққа “мүлдем төзбеушілік” қағидаты бойынша еліміздің әуе және теміржол көлігі объектілерінде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету бағытында белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр.
Департамент бастығы Бақытжан Малыбаевтың айтуынша, жүргізіліп жатқан жедел-профилактикалық іс-шаралардың нәтижесінде осы жылдың басынан бері барлығы 35 932 құқық бұзушы, оның ішінде ұсақ бұзақылық үшін – 303, жалпы пайдалану орындарын ластағаны үшін – 3465, темекі шегуге тыйым салуды бұзғаны үшін – 1124, белгіленбеген орындарда сауда жасағаны үшін – 1156, алкогольдік ішімдіктер ішкені немесе қоғамдық орындарға масаң күйінде келгені үшін – 2795 және тағы басқа заң бұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Мәселен, Түрксіб станциясындағы желілік полиция бөлімінің қызметкерлері рейдтік іс-шараларды өткізу кезінде Түркістан – Павлодар бағытындағы жолаушылар пойызында Жамбыл облысының 38 жастағы тұрғынын анықтап, оны пойыз басшысының актісі бойынша түсіріп алды. Ол жол жүру барысында спирттік ішімдік ішіп, балағат сөздер айтқан, осылайша қоғамдық тәртіпті бұзған. Құқық бұзушы алкогольдік ішімдіктерді ішкені, ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 6 тәулікке қамауға алынды.
Айта кету керек, бұл азамат бұған дейін бір жыл ішінде алкогольдік ішімдіктерді ішкені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған болатын.