Көлік полицейлері елордаға героин жеткізу арнасының жолын кесті
Көлік полицейлері елордаға героин
жеткізу арнасының жолын кесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Көлік полициясының қызметкерлері ұзақ уақыт бойы Нұр-Сұлтан қаласында героин таратумен айналысқан тұрақты қылмыстық топты жойды.
Осылайша, жедел іс-шаралар нәтижелері бойынша 5 есірткі сатушы – Нұр-Сұлтан қаласының 28-57 жас аралығындағы тұрғындары ұсталды.
ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары Асқар Мұхаметқалиевтің айтуынша, аталған факті бойынша ҚР ҚК 297-бабы (Есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, олардың аналогтарын өткізу мақсатында заңсыз дайындау, өңдеу, сатып алу, сақтау, тасымалдау) бойынша бірқатар қылмыстық істер қозғалды. Ұсталғандар УҰИ-ға қамалды.
Алынған героиннің жалпы салмағы шамамен 140 граммды құрады.
Айта кету керек, бұл ауыр есірткінің аса ірі салмағы 1 грамнан басталады, оның заңсыз айналымы үшін мүлікті тәркілей отырып, 10 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Героин – ауыр түрлерге жатады, апиын көкнәрінен алынатын күшті есірткі болып табылады, оны шамадан тыс қолдану салдарынан әлемде жыл сайын 100 мыңға дейін есірткіге тәуелді адамдар қайтыс болады.