Көлік полицейлері футболдан өткен республикалық турнирде жүлделі орынға ие болды
Көлік полицейлері футболдан өткен республикалық турнирде жүлделі орынға ие болды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
30 тамызда Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне орай Астана қаласының әуежайы «Авиация кубогі – 2023» футболдан республикалық турнир өткізді. Оған республикамыздың әр өңірен келген 13 команда қатысып, өз күштерін сынады. Елорданың төрінде ұйымдастырылған дода өте тартысты өтті. Футбол десе жанын салатын ойыншылар бұл жолы да айтулы сайысқа сақадай сай дайындалып келгендерін көрсетті.
Нәтижесінлде Астана каласы әуежайының командасы жеңімпаз атанып I орынды иеленсе, II орынды ҰҚК-нің Шекара қызметі командасы қанжығасына байлады. Ал жүлделі ІІІ орынға көліктегі полиция департаментінің командасы ие болды.
– Әсіресе, полиция қызметкерлері үшін бұқаралық спортты дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау өте маңызды. Соның ішінде футболды барша сақшыларды ортақ мүддеге жұмылдырып, бірлігін бекемдейтін ойын деп білеміз, – дейді көліктегі полиция департаменті бастығының орынбасары Оралбек Омаров.
Бұдан соң, ол жұртшылықты Конституция күнімен құттықтап, елімізге амандық, әр отбасына береке-бірлік тіледі. Ойын соңында ерекше шеберлік танытқан жеңімпаздар бағалы және естелік сыйлықтармен марапатталды. Қоғамдық тәртіпті сақтау сапында ғана емес, сонымен бірге ала доп додасында да жасындай жарқылдап жүрген әріптестерімізді біз де тамаша жеңістерімен құттықтаймыз.