Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Көлік полицейлері I жартыжылдықтың жұмысын қорытындылады

Көлік полицейлері I жартыжылдықтың жұмысын қорытындылады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Көліктегі полиция департаментінде кеңейтілген отырыс өтті. Онда 2024 жылдың бірінші жартыжылдығы қорытындыланып, алдағы кезеңге арналған міндеттер айқындалды. Кездесуге департамент басшылығы мен аппарат қызметтерінің бастықтары, көлік прокуратурасының өкілдері, сондай-ақ онлайн режимде қосылған желілік бөліністердің басшылары қатысты.

Департамент бастығы Бақытжан Малыбаев ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің ІІМ алқасының кеңейтілген отырысында жүктеген негізгі талаптары мен тапсырмаларын жеке құрамға жеткізді. Атап айтқанда қызмет көрсету аумағында құқық бұзушылықтарды болдырмау бойынша профилактикалық жұмыстарды нығайту, азаматтардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету және полицияның қоғаммен өзара іс-қимылының тиімділігі туралы сөз болды. Ел Президентінің тапсырмаларын тиісінше орындауға, «Заң және тәртіп» қағидаты бойынша тиісті құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге баса назар аударылды.

Кеңес барысында департамент бастығының орынбасарлары мен бірқатар желілік бөлініс басшыларының баяндамалары тыңдалды.

Баяндамашылар жыл басынан бері департаменттің қызмет көрсету учаскесінде барлығы 877 қылмыстық теріс қылықтар мен қылмыстар тіркелгендігін айтты. Есепті мерзім ішінде әкімшілік полициясының қызметкерлерімен 45 мыңнан астам құқық бұзушылық анықталды.

Профилактикалық жұмыстардың қарқынды жүргізілуінің нәтижесінде қылмыс деңгейі айтарлықтай төмендеген. Қазіргі уақытта көлік объектілеріндегі криминогендік жағдай тұрақты. Мәселен, қылмыстар 20,8%-ға, аса ауыр қылмыстар 71,4%-ға, алаяқтық 27,3%-ға төмендеді.

Қылмыстың негізгі түрі – ұрлықтың жалпы ашылу көрсеткіші жақсарды, яғни, 79,8% құрады.

Желілік бөлімдердің күшімен есірткі құралдарының заңсыз айналымының 198 фактісі анықталды. Заңсыз айналымнан 81,5 кг түрлі есірткі заттары тәркіленді. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасады.

Сонымен қатар басқосу барысында кадр саясатын жетілдіруге, жеке құрам арасында тәртіп пен заңдылықты нығайту мақсатында тәлімгерлік институты мен ардагерлер ұйымының жұмысын жандандыруға айырықша көңіл бөлу қажеттігі айтылды.

Жедел-қызметтің жай-күйін қорытындылай келе, Көліктегі ПД бастығы алдағы кезеңге арналған басым бағыттар мен нақты міндеттерді белгіледі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру