Көлік полицейлері ірі есірткі арнасының жолын кесті
Көлік полицейлері 3 млрд 150 млн теңге көлеміндегі есірткі арнасының жолын кесті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
"Заң мен тәртіп" қағидатын жүзеге асыру аясында көліктегі полиция департаментінің қызмет көрсету аумағында 1 маусым мен 31 қазан аралығында кең ауқымды жедел-профилактикалық іс-шара — "Қарасора - 2025" өткізілді.
Іс-шара қорытындысы бойынша көлік полицейлері 159 есірткіге қатысты құқық бұзушылықты анықтады. Оның ішінде:
2 трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топты құру фактісі,
есірткіні сатудың 22 фактісі,
аса ірі мөлшерде сақтаудың 8 дерегі,
есірткі контрабандасының 4 фактісі,
есірткі заттарын жарнамалау мен насихаттаудың 2 фактісі,
сондай-ақ өсімдік тектес есірткі өсірудің 7 жағдайы тіркелді.
Жалпы 705 келіден астам есірткі заты заңсыз айналымнан алынды. Бұл туралы Көліктегі полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы Мадияр Айтуғанов хабарлады.
Оның айтуынша департамент қызметкерлерінің тиімді жұмысының айқын мысалы ретінде Тараз қаласының 40 жастағы тұрғынынан 239 келі марихуана тәркілеу дерегін атап өтуге болады. Сондай-ақ Жамбыл облысында ер адамның үй ауласынан өсімдік тектес 164 түп есірткі заты табылып, жалпы салмағы 96 келі болғаны анықталды.
Бұдан бөлек, синтетикалық есірткіні жоюға бағытталған мемлекеттік саясат аясында көлік полицейлері 105 келі мефедрон синтетикалық есірткісін тәркіледі. Тергеу барысында ұсталғандардың бұл заттарды "қара нарықта сату" мақсатында дайындағаны белгілі болды.
Нәтижесінде көлік полициясының жедел және үйлесімді әрекеттерінің арқасында 3 млрд 150 млн теңге көлеміндегі есірткі айналымының жолы кесілді.
Көлік нысандарында есірткі қылмысына қарсы жүйелі әрі мақсатты жұмыстар үздіксіз жалғасуда.
