Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Көлік полицейлері көші-қон заңнамасын бұзған 700-ден астам шетелдікті жауапқа тартты

Көлік полицейлері жыл басынан бері көші-қон заңнамасын бұзған 700-ден астам шетелдікті жауапқа тартты, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Бұл туралы ҚР ІІМ көліктегі полиция департаменті бастығының орынбасары Құрмет Мәжікенов мәлімдеді. Оның айтуынша полицейлердің басты міндеті заңсыз көші-қон арналарын анықтау, жолын кесу және көші-қон заңнамасын сақтау болды. Ол көлік полицейлері жүргізген жедел-алдын алу шараларының нәтижесінде 851 азамат жауапқа тартылғанын, оның ішінде Қазақстанда болу ережелерін бұзған 713 шетелдік және шетелдік жұмыс күшін тарту ережелерін бұзғаны үшін 138 ҚР азаматы жауапқа тартылғанын атап өтті.

Сот шешімі бойынша 272 шетелдік елден шығарылды. Сонымен қатар мемлекетаралық іздеуде жүрген 2 шетелдік анықталып, ұсталды.

Осы жылы Қазақстан азаматтығынан айырылған 64 факті анықталды. Шетел азаматтығын алу фактісі туралы белгіленген мерзімде хабарламағаны үшін 48 адамға айыппұл салынып, 16 адам ҚР шегінен тысқары шығарылды.

- Биыл наурыз айында Қарағанды - Сұрыптау станциясында желілік полиция бөлімінің көші-қон қызметінің қызметкерлері бұрын Ресей Федерациясының азаматтығын алған 8 адамды анықтады. Олар бұл туралы билік өкілдеріне хабарламаған. Құқық бұзушылар жауапқа тартылып, оның 5-і ҚР шегінен шығарылса, ал 3-і 200 АЕК мөлшерінде әкімшілік айыппұл арқалады, - деп түйіндеді сөзін Құрмет Мәжікенов.

Көліктегі ПД Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес елде қос азаматтыққа жол берілмейтіні туралы хабарлайды және көші-қон заңнамасын сақтауды сұрайды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру