Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Көлік полицейлері мал иелеріне ескерту жасады

Көлік полицейлері мал иелеріне ескерту жасады, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Жыл басынан бері көліктегі полиция департаменті теміржол көлігіне қауіп төндірген 646 шұғыл тежеу жағдайын тіркеген. Оның ішінде 469 оқиға теміржол бойында қараусыз жүрген ауыл шаруашылығы жануарларына байланысты болған. Қауіпті жағдайлардың салдарынан 142 жылқы, 30 ірі қара және басқа да жануарлар пойыздың астына түскен.

Жуырда мұндай келеңсіз жағдайлар бір тәуліктің ішінде бірнеше аймақта орын алды. Ақмола және Атырау облыстарында жүк пойыздары жолда жүрген жылқыларды қағып кеткен. Ал Батыс Қазақстан, Алматы және Абай облыстарында да пойыздардың ірі қара малмен соқтығысу оқиғалары тіркелді.

Аталған жағдайлар бойынша көлік полицейлері жануар иелерін жедел анықтап, оларды мал жаю қағидаларын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартты.

Көліктегі полиция департаменті мал иелеріне теміржол бойындағы қауіпсіздікке немқұрайлы қарамауға, жануарларды қараусыз жібермеуге, теміржолдың арнайы бөлінген аймағында мал жаю қағидаларын қатаң сақтауға шақырады. Өйткені бұл – тек малдың өмірі емес, адамдардың қауіпсіздігіне де тікелей әсер ететін маңызды мәселе.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру