Көлік полицейлері “Мемлекеттік тіл – бірліктің негізі” тақырыбында дөңгелек үстел өткізді
Көлік полицейлері “Мемлекеттік тіл – бірліктің негізі” тақырыбында дөңгелек үстел өткізді, — деп хабарлайды Polisia.kz.
1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне орай Көліктегі полиция департаментінде “Мемлекеттік тіл – бірліктің негізі” атты дөңгелек үстел өтті. Оған департаментке қарасты желілік бөліністерде қызмет атқарып жүрген, қазақ тілін еркін меңгерген өзге ұлт өкілдері арнайы шақырылды.
Іс-шараның басты мақсаты – мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру, түрлі этнос өкілдері арасындағы достықты нығайту, сондай-ақ қазақ тілін жетік меңгерген қызметкерлерді ынталандыру.
Басқосуды Көліктегі ПД бастығының орынбасары Оңдасын Аштаев ашып, тілі басқа болғанымен, тілегі бір, жүзі басқа болғанымен, жүрегі бір Қазақстан халқы бірлік пен татулықтың арқасында жарқын болашаққа нық қадам басып келе жатқанын атап өтті. Сондай-ақ ол мемлекеттік тілді жетік меңгеріп, ана тіліміздің абыройын арттырып жүрген өзге ұлт өкілдеріне ризашылығын білдіріп, жауапты қызметтеріне табыс тіледі.
Іс-шара барысында қатысушылар қазақ тілін меңгерудің маңыздылығы мен артықшылықтары туралы өз ойларын ортаға салып, тәжірибелерімен алмасты. Сонымен қатар мемлекеттік тілді дамыту бағытындағы игі бастамалар мен нақты жетістіктер атап өтілді.
Қатысушылар қатарында Алматы-1 станциясындағы желілік полиция басқармасының криминалдық полиция бөлімшесінің жедел уәкілі Денис Привалов та болды. Ол ішкі істер органдарында 9 жыл еңбек етіп келеді. “Біз үшін мемлекеттік тілді білу өте маңызды. Өйткені күн сайын халықпен тығыз қарым-қатынаста қызмет атқарамыз. Ұлтым — орыс болғанымен, қазақша еркін сөйлеймін және оны әрдайым мақтаныш етемін”, – деді ол. Полиция аға лейтенанты осы күні Көліктегі ПД бастығының грамотасымен марапатталды.
Сондай-ақ Тараз, Орал, Атбасар станцияларындағы желілік полиция бөліністерінен келген өзге ұлт өкілдері де осындай марапатқа ие болды.
— Мемлекеттік тілді меңгеру – еліміздегі бейбітшілік пен келісімнің берік негізі. Өзге ұлт өкілдерінің белсенділік танытып, қазақ тіліне деген қызығушылығының артуы – қоғамдағы бірлік пен өзара түсіністіктің айқын көрінісі, – дейді дөңгелек үстелді ұйымдастырушылар.
Көліктегі ПД алдағы уақытта да тіл саясатын насихаттау, қызметкерлердің тілдік құзыреттілігін арттыру бағытындағы іс-шараларды жүйелі түрде жалғастырмақ. Мұндай басқосулар ұжым ішінде достық пен сыйластықты нығайтып, кәсіби ынтымақтастықты арттыра түсетіні сөзсіз.