Көлік полицейлері пойыздардың шұғыл тежелуінің 35 фактісін тіркеді
Көлік полицейлері өткен аптада пойыздардың шұғыл тежелуінің 35 фактісін тіркеді, – деп хабарлайды Polisia.kz
ҚР ІІМ Көліктегі полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Мадияр Айтуғановтың айтуынша, локомотивтердің шұғыл тежелуінің 21 фактісі немесе 60%-ы теміржол төсемінде малдардың жайылуына байланысты болған. Сонымен қатар қауіптілігі жоғары аймақта адамдардың болуымен алты факт немесе 17,%-ы, сегіз факт немесе 22,9%-ы жолаушылардың өміріне қауіп төнгендіктен жолсеріктердің пойыздың тоқтату кранын жұлып алуымен байланысты.
– Мәселен, Ақмола облысының Фурмановский – Тасты-Талды аралығында жүк пойызының машинисі ірі қара малмен соқтығысудың алдын алу үшін шұғыл тежеу қолданды. Алайда соқтығысудың алдын алу мүмкін болмады, салдарынан екі ірі қара малды қағып кетті. Пойыздың жоспарланбаған тұрағы 49 минутты құрады. Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында көлік полицейлері үй жануарларының иесін анықтады. Ол Қостанай облысының 31 жастағы тұрғыны болып шықты. Ер адам ҚР ӘҚБтК-нің 559-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деді М.Айтуғанов.
Сондай-ақ ол теміржол көлігіндегі қауіпсіздік ережелерін бұзудың соңы ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін екенін еске салды. Мал теміржолға шыққан кезде апаттық жағдай тудыруы мүмкін, ол жолаушылардың өміріне және пойыздардың қозғалысына тікелей қауіп төндіреді. Осыған байланысты теміржол маңында қауіпсіздік және мал жаю ережелерін қатаң сақтау керек.