Көлік полицейлері ҚХР азаматына 1 млн теңгеге жуық қаржысын қайтаруға көмектесті
Көлік полицейлері ҚХР азаматына 1 млн теңгеге жуық қаржысын қайтаруға көмектесті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы әуежайында желілік полиция бөлімінің қызметкерлері кәсіби біліктілік, жеделдік пен зор адамгершілік танытып, Қытай Халық Республикасының азаматына көмек көрсетті. Шетел азаматы қателесіп, 970 000 теңгені бейтаныс адамға аударып жіберген болатын.
Оқиға ұшуға дейінгі жолаушылар тексеру аймағында болған. Ұшуға асыққан шетелдік азамат телефондағы қосымша арқылы ақша аудару кезінде абайсызда алушыны шатастырып алған – алушының есімінің алғашқы әріптерінің ұқсастығы оны жаңылыстырған.
Ұшаққа отыруға санаулы минуттар қалғанда, әрі тілді білмегендіктен, ол өте күрделі жағдайға тап келген: қаражат кез келген сәтте шешіліп кетуі әбден мүмкін еді, ал уақыт өте тығыз болатын. Азаматтың дегбірі қашып, абдырап қалған сәтінде оған полиция аға сержанты Шыңғыс Тұраш пен жедел уәкіл Еламан Илебай бірден көмекке келді.
Тәртіп сақшылары шұғыл түрде банкпен байланысып, аударымды бұғаттап, ақша алған тұлғаның жеке басы мен байланыс мәліметтерін анықтады. Жолаушыны ұшаққа отырғызу сәтіне дейін қасында болып, моральдық қолдау көрсетті.
- Мен қатты күйзелісте болдым: тілді білмеймін, уақыт тығыз, ал ақшам кез келген сәтте жоғалып кетуі мүмкін еді. Сол кезде полицей маған: “Досым, уайымдама, мен саған көмектесемін”, — деді. Ол уәдесінде тұрды. Қытайда біз: “Халықтық полиция – халыққа қызмет етеді” дейміз, дәл осыны мен Қазақстанда да сезіндім. Қазақстан полициясы тек өз азаматтарына ғана емес, көмекке мұқтаж кез келген адамға қол ұшын созады. Шын жүректен алғысымды білдіремін, — деді Қытай азаматы Zuo Tenglong.
Алғыс ретінде ол әлеуметтік желісінде видео жариялап, қазақстандық полицейлердің жоғары кәсібилігі мен адамгершілігін, сондай-ақ азаматтығына, тіпті тіліне қарамастан, адамдарға көмек көрсетуге дайын екендігін атап өтті.
Бұл оқиға Қазақстан полициясының көмекке мұқтаж әрбір адамның сенімді тірегі әрі қорғаны екенін дәйектей түседі. Мұндай іс-әрекеттер халықаралық сенімді нығайтып, мемлекетіміздің жағымды имиджін қалыптастыратыны сөзсіз.