Көлік полицейлері ҚТЖ-да дизель отынын ұрлаған қылмыстық топты ұстады
Көлік полицейлері ҚТЖ-да дизель отынын ұрлаған қылмыстық топты ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері Бас көлік прокуратурасы және “Қазақстан темір жолы “ҰК” АҚ-мен бірлесіп, Жетісу облысының Бескөл станциясында тепловоз машинистерінен құралған қылмыстық топты құрықтады.
Күдіктілер бірнеше жыл бойы пойыз диспетчерлерімен қылмыстық келісімге келіп, тепловоздардан жанар-жағармай материалдарын құйып алу арқылы дизель отынын ұрлаған.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру нәтижесінде қылмыстық топ ұрлықтың 45 эпизодында әшкереленіп, “ҚТ ҰК” АҚ-ға 16 млн теңгеден астам сомаға залал келтірді.
Жетісу облысы Алакөл ауданының №2 аудандық сотының үкімімен қылмыскерлер ұзақ мерзімге сотталды.